Мектебіміздің «Оқырман» ұйымы кезекті 8-апталық әдеби талдау аясында, жазушы Ерболат Әбікенұлының «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесін талқылады. Талдауға мектебіміздің әкімшілігі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, оқырман оқушылар және ата-аналар қатысты.
«Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесі аты айтып тұрғандай – үй мен жылылық іздеген жас отбасының басынан өткерген қиын қыстау сәттерін баян етеді. Талдау барысында оқушыларымыз ең әуелі шығармадағы жас жұбайлардың бір-біріне деген адалдығы мен құрметіне тәнті болғандарын айтса, мұғалімдеріміз бен ата-аналарымыз шығарманың шынайы өмірден алынған өмір шындығы екендігін, шығарманы оқу барысында кейіпкерлерден өз өмірлерін де елестетіп, көз алдарынан өткен күндерін көре алғандығын әңгіме етісті.
Шығармадағы пәтер – қоғамдық тақырып. Шын мәнісінде қазақ халқының күні бүгінге дейін іздеп жүрген нәрсесі аз емес. Әлеуметтік жағдай мен дәстүрлі тұрмыс-тіршіліктің қарама-қайшылығынан қазір тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп болып жатқаны да жасырын емес. Талдау барысында осы өзекті мәселелер де сөз етілді. Пәтер іздеу, жұмыс іздеу, мейірім, жылылық іздеу деген сияқты құнддылықты, жан қалауын іздеген аңсарлардың барлығы бүгінгі күннің еншісінде қалып, ертеңгі ұрпаққа, алдымыздағы оқушыларға ғылым іздеу, білім іздеу сияқты рухани байлық іздейтін заман нәсіп болсын деген жылы сөздермен шығарма талқы қорытындыланды.
Талдау соңында шығарма авторы Ерболат Әбікенұлының бізге жолдаған бейне сәлемі мен шығарманың жазылу тарихы, негізі туралы хабарламасын да тыңдадық. «Пәтер іздеп жүр едік» атты әңгіме қандай қарапайым болса, шығарма авторы Ерболат Әбікенұлы да сондай қарапайым, шынайылығымен оқырман жүрегінен орын тепкен жазушы екенін көре алдық.
Қорытындылай келе, біз бұл шығармадан – Адалдық, мейірім, махаббат, құрмет, қонақжайлылық сияқты құндылықтарды көре алдық. Әр оқырман осы шығарма арқылы осы құндылықтарды өзіне жақын серік ете білсе, онда біздің көздеген мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
Барша әріптестер, оқушылар және ата-аналар, сіздерді әр аптаның сәрсенбі күні болатын «Оқырман» ұйымының әдеби талдауына шақырамыз!






