1 қыркүйек — Білім күні мерекесіне орай № 28 мектеп-лицейінде “Мектебім-мейірім мекені” атты салтанатты жиын өткізілді.
Мерекелік шараға Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов пен Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетұлы, “Өрлеу” ұлттық біліктілікті арттыру орталығының маманы Кужимова Жаңагүл арнайы қатысты. Мектеп-лицей директоры Лаззат Жаналықызы және құрметті қонақтар білім ордасының табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер мен бітіруші түлектерге сәттіліктер тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
Мектеп оқушыларының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Түркістан облысы Полиция Департаментінің басшысы,генерал Мұрат Қабденов пен полиция өкілдері 1 сынып оқушыларының тәрбие сағаттарына қатысып, білім алушыларға жол қозғалысы ережелерін, өмір қауіпсіздігі негіздері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ сыныптарды аралап, оқушылармен тілдесті.
«Сіздермен кездескен сәтімді пайдалана отырып, жол жүрісі қағидаларын сақтауды, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасамауды, түнгі уақытта жүрмеуді назарларыңызға салғым келеді. Полиция аға-әпкелеріңіз Сіздердің әрқайсыларыңыздың достарыңыз, қорғаушыларыңыз, сондықтан бізге сеніңіздер! Тәртіпті болыңыздар! Білім күні құтты болсын!»-деген ақжолтай тілегін жеткізді. Бала қауіпсіздігі-басты назарда екенін ескерген түркістандық полицейлер, жыл бойы балалардың амандығы үшін қорғаныс шебінде қызметте болатындығын айтып өтті.
Тәрбие сағаты барысында оқушылар “Полиция және балалар” атты бояуға арналған кітапшаларды бояды.
Мәртебелі меймандар оқу ордасына кіріп-шығу үшін арнайы жасалған “Alaqan” жүйесі сканерленген құрылғы мен «SOS» батырмасының қызметін қадағалады. “Alaqan” мектеп жобасы деп аталатын турникет жүйесі облыста алғаш болып №28 мектеп-лицейінде енгізіліп отыр. Жасанды интелект арқылы балалардың қауіпсіздігі қадағаланады. Құрылғыға алақанын тигізу арқылы оқушылар есікті ашып кіреді. Осы кезде ата-анасына баланың мектепке келгендігі жөнінде хабарлама келеді.Бала мектептен шыққан кезде де солай. Құрылғының тағы бір артықшылығы сабаққа қанша оқушының келгені туралы ақпарат мектеп асханасына түседі. Аспаздар да соған қарап ас әзірлейді.
Сонымен қатар мектеп ғимаратын аралап, Полиция сыныбы мен қаһарман Ғазиз Байтасов атындағы кинозалдың ашылу рәсіміне қатысты. Ержүрек полицейдің ерлігі мен өнегелі ғұмыры жайлы деректі фильмді тамашалады. Генерал, Мұрат Қабденов оқушыларға батыр полицейдің ерлігі туралы айтып өтті. Естеріңізге сала кетсек, Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында қауіпті лаңкес қылмыскерді ұстау барысында қайтыс болған полиция капитан. Қылмыскердің қолындағы гранатаны халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып қалған еді. Осы ерлігі үшін оған Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілді. Полицейдің ерлігін жас ұрпақтың есінде мәңгі сақтап, ерлік ісін дәріптеу мақсатында арнайы кинозалға есімін берген мектеп директоры Лаззат Жаналықызы алдағы уақытта бірқатар игі істерді жалғастыруды жоспарлап отырғандығын тілге тиек етті. Аптаның бір күні «Кино тайм» деп аталады. Оқушыларға сабақтан тыс уақытта тәрбиелік мәні бар отансүйгіштікке тәрбиелейтін, адамгершілік пен жауапкершілікке баулитын қысқа метражды фильмдер көрсетуді мақсат етпек. Жаңа оқу жылын жағымды жаңалықтармен бастаған мектеп ұжымына шығармашылық табыс тілейміз.