Жаңа оқу жылының алғашқы сенбісінде №28 мектеп-лицейінде “Тәрбиенің ең жақсы мектебі — отбасы” тақырыбында жалпы мектепшілік ата-аналар жиналысы өткізілді. Басқосудың мақсаты: Бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру,жауапкершілік сезімін қалыптастыру, отбасы мен мектеп арасында қарым-қатынасты нығайту.
Мектеп директоры Лаззат Жаналықызы 2024-2025 оқу жылындағы білім саласындағы өзгерістер мен біртұтас тәрбие бағдарламасына шолу жасады. “Алақан” мектеп жобасымен таныстырды. Жаңадан мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың өкілдеріне мектеп жайлы ақпаратты айтып өтті. Мектеп формасына қойылатын талаптар мен оқушылардың жалпы ережесі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ата-аналарды мұғаліммен тығыз байланыста болып, балаларды рухани жағынан жеткізіп тұлға ретінде қалыптастыруға үлес қосуға шақырды. Ата-аналар тарапынан мектепке қатысты сұрақтарға жауап берілді. Бірқатар ата-аналар білім мен тәрбие беру жолында тер төгіп жүрген мектеп ұжымына алғыстарын айтты. Жалпы жиналыс соңында ата-аналар сынып жетекшілермен кездесіп, оқушылардың сабақ үлгерімі мен ішкі тәртіп туралы ой бөлісті.
Жиыннан соң “Әкелер” мектебінің мүшелері мектепшілік сенбілікке белсене қатысты. Тазалық пен тәртіп бар жерде береке барын түсінген ата-аналар қауымы білім ордасының тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Жұмыла жасалған сенбіліктен соң мектеп асханасында даярланған астан дәм татты.
Әрқашан да білім мен тәрбиені егіз көретін мектеп ұжымы алдағы уақытта ата-аналармен тығыз байланыста болып, бала тәрбиесіне бірлесіп күш салуды жоспарлап отыр.












