13-қыркүйекте “Нашақорлыққа жол жоқ, Біз өмірді таңдаймыз!” атты форум өтті. Жиынға №28 мектеп-лицейінен ұстаздар мен 40-тан астам белсенді оқушылар қатысты. Іс-шара Түркістан облысының прокуратурасы мен облыстық полиция департаментінің бірлескен бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумға ҚР ІІМ-нің орынбасары Айдар Сайтбеков, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Жиын барысында қатысушылар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірлерін білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты.
Олардың қатарында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бахытжан Амирханов, ҚР Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, ҚР психиатр-наркологы Нәби Есимов пен қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, актер Әділ Ахметов, әнші Қуандық Рахым болды.
Форум жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам денесі үшін тигізетін кері әсері, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылық бар екені және т.б. түрлі жағдайларды мысал еткен театрландырылған қойылыммен басталды.
Қоғам дертіне айналған есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы бейнеролик көрсетілді.
Жиын соңында «Нашақорлыққа жол жоқ! Біз өмірді таңдаймыз!» ұранымен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жоспарланды. Денсаулықтың басты байлық екенін үндейтін, жасөспірімдерді салауатты өмір салтын қолдауға шақырған басқосудан қатысушылар зор әсермен қайтты.


