Бүгін №28 мектеп-лицей директоры Л.Жаналықызы мен VI Республикалық жас патриоттар форумына қатысып, төсбелгімен марапатталған оқушыларды мектеп ұжымы қуанышпен қарсы алды.
Естеріңізге сала кетсек, 18-20 қазан аралығында Қонаев қаласында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы мен Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған форумға мектеп басшысы мен белсенді оқушылар қатысқан болатын.
Қапшағай су қоймасының жағасында өткен форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық қатысушы барды. 2016 жылы құрылған Қазақстандық «Жас патриоттар академиясы» мүшелерінің саны бүгінде 3500-ге жетті. Жиын барысында өз қатарластары арасында ерлігімен көзге түскен 50 жас жеткіншекке аталған қоғамдық бірлестіктің куәлігі мен төсбелгісі табыс етілді.
Олардың қатарында мектебіміздің оқушылары Айдосқызы Анель, Жолдыбай Толғанай, Амангелді Сезім, Оралбеков Ернұр ҚР Жас патриоттарының төсбелгісімен марапатталғанын мақтанышпен айтамыз.
«Патриотизм – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі арқауы” атты жас патриоттар форумы өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік қасиеттерді дамытуға, азаматтық жауапкершілік пен патриотизмге, парасаттылық пен адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған.
Форумда қоршаған ортаны қорғау, буллингке қарсы іс-әрекет, азаматтық борыш, педагогикалық кәсіп және т. б. мәселелер қозғалды.
Форумға қатысушылар үшін жас патриоттардың жетістіктерінен көрме ұйымдастырылды. Ерлік жасаған оқушылар қазақстандық Жас патриоттар академиясының қатарына салтанатты түрде қабылданды.
Үш күн бойы өткен форумда флешмобтар, экскурсиялар және белгілі адамдармен кездесулер өтті. Делегаттар үшін әскери техника, қару-жарақ және киім нысандарының көрмесі ұйымдастырылды. Жас жеткіншектердің ертеңгі болашағына бей-жай қарамайтын, жанашыр басшы Л.Жаналықызына ата-аналар алғыстарын айтып,мектеп ұжымына алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға тілектестігін білдірді.
Показать перевод







