ӘДЕБИ ТАЛҚЫ 9. «АҚ КӨЙЛЕКТІ ҚЫЗ»

ӘДЕБИ ТАЛҚЫ 9. «АҚ КӨЙЛЕКТІ ҚЫЗ»

Дата: 28.11.2024

Мектебіміздің «Оқырман» ұйымы кезекті әдеби талқыда – жазушы Қойшыбек Мүбаракұлының «Ақ көйлекті қыз» әңгімесін талдады. Шығарма мистикалық жанрда өз орыны бар шығарма болғандықтан әдеби талқы барысы да өте қызғынды болып өтті.
Қазақ халқының ежелден бері бойына бойтұмардай болып біте қайнасқан ырым-тыйымдар, салт-дәстүрлер, ұстанымдар туралы шығармада көп баяндалады. Кеше мен бүгіннің арасындағы қазақ халқының тұрмыстық ұстанымы, халықтың болмысы шығарманың тұтастай тақырыбын ашып береді.
Әдеби талқыға қатысқан оқушылар мен мұғалімдер және ата-аналар өз өмірлерінен шығармаға байланысты нақты мысалдар келтіріп, бала тәрбиесі, отбасы тәрбиесі, қоғам құндылықтары туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Шығарманың негізгі оқиғасы – тылсым мен ғажайыпты, миф пен мистикалық кейіпкерлерді негіз етеді. Аңыз түбі – ақиқат. Миф те, аңыз да халқымыздың өмірінен қатты алшақ емес. Біздің ежелгі наным-сеніміміз, ұстанған ұлттық дәстүріміздің бәрі осы тақырыпқа жақын. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесі де, отбасылық құндылықтар да сол кешегі негізден қатты алшақ кете алмайды. Ұлттың түп тамыры – тәрбиенің де түп қазығы.
Қорыта айтқанда, қазақ халқы баласын «ұят болады, обал болады, жаман болады» дейтін үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген халық. «Ақ көйлекті қыз» әңгімесіндегі кейіпкерлердің мінездемесі мен оқиғалар байланысының бәрінің ара жігінде осы ұлттық наным арқау болады. Сондықтан да, тылсым күш пен құдіреттің бәріне сенгеннен бұрын өзіміздің бойымыздағы тәрбиені, тазалықты, құндылықты дұрыс ұстай алсақ, жамандықтың да бізден қашық жүрері айқын. Мистикалық әңгіме адам бойына үрей мен қорқыныш сыйлағанымен, адам сол шығармадан ой түю арқылы өз өміріне рухани азық жинайды.
Біз мектеп ұжымы атынан осы шығарманы талдауға өзі де атсалысып, алыста болса да мектебімізге ақ сәлемін жеткізген автор – Қойшыбек Мүбаракұлына зор алғысымызды айта отырып, жазушыға толағай табыс, шығармашылық жеңістер тілейміз!