Қаһарман Ғазиз Байтасов атындағы кинозал ашылды

Қаһарман Ғазиз Байтасов атындағы кинозал ашылды

Дата: 18.09.2024

№28 мектеп-лицейінде Білім күні қарсаңында Полиция сыныбы мен қаһарман Ғазиз Байтасов атындағы кинозалдың ашылу рәсімі өткен болатын. Естеріңізге сала кетсек, Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында қауіпті лаңкес қылмыскерді ұстау барысында қайтыс болған полиция капитаны. Қылмыскердің қолындағы гранатаны халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып қалған еді. Осы ерлігі үшін оған Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілді.
Мектеп басшысы Лаззат Жаналықызы аптаның бір күнін “Кино тайм” деп атап, оқушыларды сабақтан тыс уақытта кинозалда тәрбиелік мәні бар, жауапкершілікке, адамгершілікке баулитын құндылыққа толы фильмді тамашалауға шақырды. Осылайша әрбір сынып жас ерекшелігіне байланысты кинозалдан қысқа метражды фильмді тамашалауға мүмкіндік алады.
3-қыркүйек күні кинозалда деректі фильмді тамашалау мүмкіндігі 4-11 сынып оқушыларына бұйырды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжамал Төлегенқызы оқушыларға батыр полицейдің ерлігі туралы айтып өтті. Балалар ержүрек полицейдің ерлігі мен өнегелі ғұмыр жолымен танысып, деректі фильмді тамашалады. Полицейдің ерлігін жас ұрпақтың есінде мәңгі сақтап, ерлік ісін дәріптеу мақсатында мектеп ішінен ашылған кинозалда алдағы уақытта жыл бойы оқушыларға деректі фильмдер ұсынылатын болады.Балалардың дүниетанымын арттыруға, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге аталмыш фильмдердің қосар үлесі зор болмақ.